Новости

Елімізде майлы дақылдардың мол өнімі күтіліп отыр

Қазақстанда 2026 жылы майлы дақылдар тұқымының рекордтық өнімін – 5 млн тоннадан астам өнім жинау болжанып отыр. Бүгінде майлы дақылдар 2,4 млн гектар алқаптан жиналып, 2,4 млн тонна майлы дәндер бастырылды. Бұл туралы үкімет отырысында ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов мәлімдеді.

Елімізде майлы дақылдардың мол өнімі күтіліп отыр
Вице-министрдің айтуынша, егіс алқаптарын әртараптандыру аясында 2024 жылдан бері майлы дақылдардың егіс көлемі 2,2 млн гектарға ұлғайып, 5,2 млн гектарға жетті (2024 жылы – 2,9 млн га). Сонымен қатар өңдеу кәсіпорындарын шикізатпен қамтамасыз ету мақсатында екі жыл ішінде жүгері алқаптары 120 мың гектарға ұлғайтылды. Егіс құрылымындағы дәнді дақылдардың үлесі 72%-дан 66%-ға дейін төмендесе, майлы дақылдардың үлесі 13%-дан 18%-ға өсті. Жалпы биылғы егін жинау алаңы 24,2 млн гектарды құрайды. Егін жинау жұмыстары өткен жылғы қарқыннан озып жүргізілуде. Бүгінде 13,5 млн гектар немесе дәнді дақылдар алқабының 83%-ы жиналды. Орташа өнімділік гектарына 14,7 центнерді құрап, 19,9 млн тонна астық бастырылды. Лицензияланған элеваторларға 4,9 млн тонна астық түсті. Оның ішінде қабылданған жұмсақ бидайдың 74%-ы жоғары сапалы, ал өнімнің 20%-ы төртінші сыныпқа жатқызылды. Азат Сұлтанов сондай-ақ биылғы маусымда вегетация кезеңіндегі ауа райы жағдайларының әркелкі болғанын атап өтті. Қазақстанның солтүстік және орталық өңірлерінің жекелеген аймақтарында жауын-шашын мөлшері жеткіліксіз болып, бұл егіннің қалыптасуына қауіп төндірді. Соған қарамастан, дәнді дақылдардың жалпы түсімі көпжылдық орташа көрсеткіштерден жоғары болады деп болжанып отыр.