Новости

Қазақстан Мароккоға астық экспортын арттыруды жоспарлап отыр.

Қазақстан Марокко нарығына астық өнімдерін жеткізу көлемін арттыруды көздеп отыр. Бұл туралы Касабланка қаласында өткен Қазақстан–Марокко іскерлік кеңесінің алғашқы отырысында айтылды, деп хабарлады ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі.

Қазақстан Мароккоға астық экспортын арттыруды жоспарлап отыр.
Қазақстандық делегация құрамына «Азық-түлік корпорациясы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Асылхан Джувашев кірді. Сапар барысында Қазақстан өкілдері Марокконың Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Өнеркәсіп және сауда министрлігінің басшылығымен, сондай-ақ жергілікті бизнес өкілдерімен келіссөздер өткізді. Кездесулерде агроөнеркәсіп кешеніндегі ынтымақтастықты дамыту және ауыл шаруашылығы өнімдерінің өзара саудасын кеңейту мәселелері талқыланды. Асылхан Джувашев Қазақстанның агроөнеркәсіптік әлеуеті мен Азық-түлік корпорациясының ұлттық астық операторы ретіндегі мүмкіндіктерін таныстырды. Оның айтуынша, қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдері әлемнің 80-нен астам еліне экспортталады. Соңғы екі жылдағы жоғары өнім сыртқы нарықтарға жеткізілетін өнім көлемін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік берді. Өткен ауыл шаруашылығы маусымында астық пен ұн экспорты рекордтық 15,3 млн тоннаға жетті. Сонымен қатар экспорт географиясы Еуропа, Солтүстік Африка, Таяу Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің есебінен кеңейді. Мароккомен ынтымақтастықтың сәтті мысалдарының бірі — қазақстандық бидай жеткізілімі. Азық-түліктік астықтың алғашқы партиясы 2025 жылдың мамырында Мароккоға экспортталған. Нарықтың басқа қатысушыларының жеткізілімдерін қоса есептегенде, Мароккоға экспортталған астықтың жалпы көлемі 161,8 мың тоннаға жетті. Бұл жергілікті сатып алушылардың қазақстандық өнімге қызығушылығы жоғары екенін көрсетті. Азық-түлік корпорациясы басшысының айтуынша, Марокко тек перспективалы өткізу нарығы ретінде ғана емес, Солтүстік және Батыс Африка нарықтарына шығуға мүмкіндік беретін маңызды логистикалық және сауда хабы ретінде де қарастырылып отыр. Сондай-ақ бұл ел халықаралық трейдерлермен және қайта өңдеу компанияларымен ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік береді. Астық саудасынан бөлек, тараптар инвестициялық ынтымақтастық мүмкіндіктерін де талқылады. Қазақстан ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу жобаларына марокколық инвестиция тартуға мүдделі екенін білдірді. Бұдан бөлек, агротехнологиялар мен тамақ өнеркәсібі саласында да ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік бар. Іскерлік кеңес аясында Марокконың ірі мемлекеттік компаниясы OCP Group құрамына кіретін, фосфорлы тыңайтқыштар өндіру бойынша әлемдік көшбасшылардың бірі саналатын OCP Nutricrops компаниясының басшылығымен де келіссөздер өтті. Тараптар бірлескен жобаларды іске асыру перспективаларын қарастырды. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, Марокко Қазақстанның Африка құрлығындағы ең ірі сауда серіктесі болып табылады. 2025 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 68%-ға өсіп, 461,5 млн долларға жетті. Ал 2026 жылдың алғашқы төрт айында көрсеткіш тағы 58%-ға артып, 167,6 млн долларды құрады. Қазақстан Мароккоға күкірт, бидай, зығыр, майлы және бұршақ дақылдарын экспорттайды. Марокко жыл сайын шамамен 7 млн тонна астық импорттайды. Оның негізгі жеткізушілері — Еуропалық одақ елдері, Канада және АҚШ. Қазақстан бұл нарықта өз орнын қалыптастырып үлгерді және алдағы уақытта Солтүстік Африка өңіріне астық өнімдерінің экспорт көлемін арттыруды жоспарлап отыр.