Новости

Қазақстанда қияр мен қызанақтың бағасы төмендеді

Есепті аптада Қазақстанда бірқатар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы төмендеді, деп хабарлайды Kazinform Ұлттық статистика бюросына сілтеме жасап. 2026 жылғы 5 тамыздағы жағдай бойынша қияр, ақ қауданды қырыққабат және қызанақ бағасы ең көп арзандаған.

Қазақстанда қияр мен қызанақтың бағасы төмендеді
Бір апта ішінде қияр бағасы — 2,4%-ға, ақ қауданды қырыққабат — 2,1%-ға, қызанақ пен картоп — 1,7%-ға төмендеді. Сондай-ақ сүйексіз сиыр еті — 0,4%-ға, алма — 0,3%-ға, қарақұмық жармасы — 0,2%-ға және қаймақ — 0,1%-ға арзандады. Бірінші сұрыпты бидай ұнынан жасалған нан, сүйекті сиыр еті, тауық еті, тартылған ет, сүзбе, айран және шай бағасы есепті кезеңде өзгерген жоқ. Өңірлер бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының жалпы деңгейі Шымкентте — 0,4%-ға, Павлодар мен Талдықорғанда — 0,2%-ға, сондай-ақ Ақтөбе, Көкшетау, Қонаев және Қостанайда — 0,1%-ға төмендеді. Алматы, Ақтау, Атырау, Жезқазған, Өскемен, Қарағанды, Петропавл және Тараз қалаларында бағалар өткен аптадағы деңгейде сақталды. Ел бойынша қиярдың орташа бағасы бір келіге 483 теңге болды. Ең төмен баға Шымкентте тіркелді — 321 теңге/кг. Пияздың Қазақстан бойынша орташа бағасы — 200 теңге/кг. Ең қолжетімді баға Түркістанда — 138 теңге, Қызылордада — 164 теңге/кг. Ақ қауданды қырыққабаттың орташа бағасы 191 теңге/кг болды. Ең төмен баға Түркістанда тіркелді — 143 теңге/кг. Қызанақтың республика бойынша орташа бағасы — 529 теңге/кг. Ең төмен бағалар Таразда — 310 теңге, Шымкент пен Түркістанда — 324 теңгеден тіркелді. Ет өнімдерінің ішінде сүйекті сиыр етінің орташа бағасы бір келіге 3 778 теңге, ал қой етінің, оның ішінде сүйексіз еттің орташа бағасы 4 493 теңге/кг болды. 2026 жылғы шілдеде инфляция бір айда 0,6% болды. Бұл маусым айындағы көрсеткіштен (0,8%) төмен. Қазақстанда өткен жылмен салыстырғанда қандай тауарлардың арзандағаны туралы толығырақ материалдан оқуға болады.