Новости

Жетісуда картоптан рекордтық өнім жиналды — гектарына 500 центнер

Қазақстанның оңтүстік өңірлері үшін жаз мезгіліндегі аномальды ыстық пен ылғал тапшылығы әлдеқашан жаңа қалыпты жағдайға айналды.

Жетісуда картоптан рекордтық өнім жиналды — гектарына 500 центнер
Осындай күрделі жағдайларда жоғары өнімді ылғалды үнемдейтін заманауи суару технологияларын (тамшылатып суару) енгізетін, ыстыққа төзімді ауыл шаруашылығы дақылдарының сорттарын мұқият таңдайтын және өсімдіктерді күйзелістен дұрыс қорғайтын фермерлер алып отыр. Жетісу облысында 75 гектар жерді өңдейтін AlimAgro ЖШС дәл осы бағытта жұмыс істеп келеді. - Биыл ауа райы бізге тосынсый жасады. +45–46 градус температура біздің шындығымызға айналды, – деді AlimAgro ЖШС директоры Талап Медеубаев. – Мұндай температурамен алғашқы аптап ыстық шілде айында келіп, шамамен бір аптаға созылды. Картоп бұл ыстыққа төтеп берді, дегенмен қатты күйзеліске ұшырады. Он шақты күннен кейін аптаптың екінші толқыны келді, бұл жолы температура +38–39 градусқа дейін көтерілді. Осы кезде картоп зардап шекті. Мұны біз сабақтарының күрт өзгеріп, сарғая бастағанынан байқадық. Кейін бір алқаптағы түйнектерді тексергенде, оның жұмсағының аздап қарайғанын көрдік. Бұл ауру емес, дәл температуралық күйзелістің салдары екені анық болды. Бақытымызға орай, мұндай жағдай ерте мерзімде отырғызылған бір ғана алқапта байқалды, ал басқа учаскелерде мұндай мәселе болған жоқ. Аптап ыстық кезінде AlimAgro барлық алқапта қолданып отырған тамшылатып суару жүйесінің артықшылығы айқын көрінді. «Тамшы» өсімдік тамырына ылғал мен қоректік заттарды жеткізіп қана қоймай, топырақ температурасын төмендетуге де көмектесті. Бұл өте маңызды, өйткені температура +25 градустан жоғары болған кезде картоп түйнегі өспейді!